Елордада республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда онкологиялық ауруға шалдыққандар қатары төмен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда онкологиялық ауруға шалдыққандар қатары төмен. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының бас онкологы, қалалық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Мұхтар Тілеутаев мәлім етті.

Оның атап өтуінше, елордада онкологиялық ауруға шалдыққандардың, одан келетін өлім-жітім қатары республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда біршама төмен.

«Өйткені, Астана - халқы жас қала. Ал обыр, қатерлі ісік жасы үлкен адамдарға тән. Сондықтан елімізде жасалып жатқан скрининг бағдарламалары обырдың бастапқы кезеңінде анықтап, оған қарсы ем-шаралар қолдануға мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде онкологиялық ауруға шалдыққандардың орташа жасы 60-65 жастан асқандарды құрап отыр.