Елордада ретсіз қойылған көліктерді эвакуациялау жүйесі күшейтілмек

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада ретсіз қойылған көліктерді коммуналдық тұраққа эвакуациялау жүйесі күшейтілмек. Бұл туралы «Астана қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС директоры Дәурен Сәбитов мәлім етті.

Фото: Астана әкімдігі

— Орталықтың негізгі бағыттарында қаладағы тұрақтарды басқару, эвакуацияланған көліктерді сақтау орындарын қадағалау, жол жүрудегі қауіпсіздік ережесіне қатысты жұмысты қамтып отыр. Цифрлық мониторинг бойынша қазір қалада 12 аппараттық кешен жұмыс істеп жүр. Қаладағы жолдардың 30 пайызын өзіміздің бақылауда ұстап отырмыз. Негізгі мақсат — бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізу. Ол үшін тағы 28 құрылғыны сатып алуға техникалық-экономикалық негіздемені әзірледік, — деді Дәурен Сәбитов Астана қаласы мәслихатының көлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында.

Сонымен қатар ол көліктерді эвакуациялау мен коммуналдық тұрақтарға тоқталды.

— Бүгінде біздің қолданыста үш эвакуатор ғана бар. Бұл ретте сол жағалаудағы MEGA Silk Way Astana айналысында аталған үш көлік тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Жалпы, айына жол полициясымен бірге эвакуация бойынша 700-ден астам өтінім келіп түседі. Айына орта есеппен 530 көлікті коммуналдық тұраққа жеткізіп жатырмыз. Оның ішінде ереже бұзудың 170 жағдайы сол орнында шешіледі, яғни көлікті эвакуацияламай тұрып автомобиль иесіне SMS жолданады. Көлік иесі айыппұлын төлеп, алып кетеді, — деді орталық басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, коммуналдық тұрақтар қазір өзін-өзі ақтамайды. 

— Сонымен қатар, эвакуацияға 13 мың теңге мәслихатпен белгіленген тариф қойылған. Сәуір айынан бергі жұмысымызды үш эвакуатор көлікке бөліп, кеткен шығынды есептедік. Бүгінде 7-8 АЕК-ке дейін белгілеу керек дегенді ұсынып, тарифті қайтадан талқылауды жөн санаймыз. Мәселен, Алматыда 30 эвакуатор жұмыс істейді. Осыған байланысты елордаға тағы 10 эвакуатор алуға өтінім бердік. Мұнымен қоса, коммуналдық тұрақтардың жағдайын жақсарту жұмысын бастадық, — деді Дәурен Сәбитов.

Еске салсақ, Астанада заңсыз автотұраққа қарсы жаңа бақылау жүйесі іске қосылды