Елордада сәндік-қолданбалы өнер шебері Гүлдана Жұрқабаеваның жеке көрмесі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында сәндік-қолданбалы өнер шебері Гүлдана Жұрқабаеваның «Өзіңе жол табу» атты жеке көрмесі ашылады, деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Көрме «Үкілі үміт» жастар шығармашылығын қолдау бойынша көрме жобасының шеңберінде ұйымдастырылып отыр.

2009 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Музейінің «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақтық көрме жобасының шеңберінде Қостанай облысының музейлері қорынан «Ұлттық мәдениет бесігі» атты көрме ұйымдастырылған еді. Онда Қостанай облысының мүсіншілері, суретшілері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өз жұмыстарын ұсынды, олардың қатарында Гүлдана Жұрқабаева да болды. Гүлдананың жұмыстары тартымдылығымен ерекшеленіп, жұртшылықтың назарын аударды. Содан бері суретшінің 150-ге жуық шығармашылық туындысы дүниеге келіп, алыс-жақын шет мемлекеттерге танымал бола бастады.

Гүлдана Жұрқабаева 1979 жылы 25 қаңтарда Қостанай облысының Жангелді ауылында дүниеге келген. Торғай гуманитарлық колледжін аяқтап, содан соң 2003 жылы Қостанай гуманитарлық институтын «дизайнер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Гүлдана Астана қаласының Суретшілер одағының мүшесі, Қостанай меценаттары клубының «Шабыт» сыйлығының лауреаты. Г. Жұрқабаеваның жұмыстары көптеген республикалық және шетелдік көрмелерге қатысты. 2016 жылдың 16 желтоқсанында суретші Сан-Марино Республикасында өткен Халықаралық өнер конкурс-фестивалінде бірінші орынды иеленді.

«Өзіңе жол табу» көрмесінде суретшінің былғары матаға акрил бояуларымен бейнеленген 40-тан аса жұмыстары ұсынылады.