«Полицияға сауда, ойын-сауық орталығының сыртқы территориясының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жекеменшік күзет фирмасының қызметкері хабарласты. Сағат шамамен 01:30 кезінде белгісіз біреулер оны күштеп скотчпен байлап, сауда орталығына кірмекші болғанын айтты. Сондай-ақ, қаскүнемдер оның радиостанциясын ұрлап кеткен», - делінген Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Елордалық ІІД-нің криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары кезінде «Сергек» бақылау камерасының көмегімен аталған қарақшылық шабуылды ұйымдастырған азаматтарды ұстап, уақытша ұстау оқшаулағышына жеткізді.
Олар Жамбыл облысының 21-23 жастағы үш азаматы болып шықты. Тергеу барысында сауда орталығының бутиктерін тонамақ болғандарын мойындады. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-інің 192-бабы («қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың елорда аумағында басқа да қылмыстық істерге қатысы бар-жоғын анықтауға кірісті.