Қазіргі уақытта қаламызда 223 597 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді және оларда жұмыспен қамтылған адамдардың саны – 499 445. Бұл елорданың экономикалық белсенді халқының 72,8 пайызын құрайды. Сонымен қатар ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны артқанын атап өткім келеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың қала экономикасына қосқан үлесі 69,5 пайызды немесе 7,2 трлн теңгені құрайды. ШОБ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіпкерлерге бірқатар қолдау іс-шаралары жүргізілуде. Атап айтқанда, Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 4 бағыт бойынша қаржылық қолдау жүзеге асырылады
, - деді Қуаныш Сапаров Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның атап өтуінше, бірінші бағыт – кәсіпкерлердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау. Биыл бұл бағытта екінші деңгейлі банктер арқылы 35,8 млрд теңге сомасына 648 шартқа қол қойылды.
Екінші бағыт – кәсіпкерлердің несиелеріне ішінара кепілдік беру. Осы жылы 8,1 млрд теңгеге кепілдік төлеу сомасына 852 шарт рәсімделді.
Үшінші бағыт – жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу. Жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу үшін биыл 1 жобаға 112,8 млн теңге сомасына қолдау көрсетілді.
Төртінші бағыт – мемлекет тарапынан қайтарымсыз негізде берілетін гранттар.
Сонымен қатар әкімдік «Даму» қорымен бірлесіп, «Астана бизнес» салалық шектеулерсіз жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын іске асырады. Осы бағдарлама бойынша кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер 50 млн теңгеге дейін, жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер 100 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады. Бұл несиенің сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызды құрайды. 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Аталған бағытқа биыл 1 млрд теңге қарастырылған
, - дейді ол.