Елордада шағын жинақы мектептердің мәселесі жөнінде республикалық семинар-кеңес өтуде

АСТАНА. Қарашаның 30-ы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Елорданың №60 мектебінде шағын жинақы мектептердің мәселесі жөнінде республикалық семинар-кеңес өтуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Кеңеске  Парламент депутаттары, шетел сарапшылары, мүдделі министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, педагогикалық институттарының ректорлары, білім басқармалары мен ұйымдарының жетекшілері, ұстаздар қатысуда. Секциялық басқосулар барысында қазіргі заманғы шағын жинақы мектептердің даму келешегі, ұстаздарды дайындау міндеті, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және тағы басқа жайттар талқыланбақ.

 «Бүгінгі біздің жиынымыз қордаланып қалған күрделі проблемаларға арналып отыр. Бұл  өте маңызды мәселе Қазақстанға ғана емес, сондай-ақ дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттерге де ортақ. Шағын жинақы мектептер - мемлекеттің, халықтың, жас ұрпақтың болашағына қызмет етуде. Бұл мектептердің мәселесі барынша көңіл бөліп, жан-жақты зерделеуді қажет етеді. Ең алдымен, біздің алдымызда сапалы білім беру қызметін ұсыну және Елбасы мақұлдаған әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайды жасаумен байланысты міндеттер тұр»,  деді республикалық семинар- кеңестің ашылуында  Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев.