Бұл ақпаратты аталған орталықтан хабарлады.
2010-2014 жылдарға арналған ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы бағдарламасына сәйкес, 2015 жылы қайта қалпына келетін энергия қуатын пайдалану мөлшері 1 пайыз, ал 2024 жылы 5 пайызға дейін өндірілетін болады деп жоспарланған. Қазақстанда сарқылмас энергия көздерін пайдаланудың мүмкіндігі орасан. Дегенмен, бүгінгі таңда еліміздің аумағында баламалы энергия қуаты кеңінен қолданылмай келеді. Республика тұрғындарының басым бөлігі мұндай қуат көзінің пайдасы зор екені жайлы бейхабар.
Осыған байланысты ағымдағы жылы Жаһандық экологиялық қордың Шағын гранттар бағдарламасының қаржылық қолдауымен «Табиғат әлемі» экологиялық-ағарту орталығы Үстірт және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорықтарында, сондай-ақ «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында бірнеше мөлшерлі қуаты бар 6 күн генераторын орнатты.
Қазіргі уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қордаланған проблемалар жетерлік. Әсіресе, кордондар мен жылжымалы тұрғын вагондарын электрмен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Қорықтардың, ұлттық парктер мен табиғи резерваттардың алыстағы стационарлы кардондарына дейін жүздеген шақырымға электр желілерін тарту экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да алып қарағанда - тиімсіз. Осы орайда, электр сымдарының зардабы, көбіне, құстарға тиюде. Сонымен қатар, табиғатты қорғау мекемелерінің бюджет көлемі де шамалы болғандықтан, бұл мәселені өздігінен шешуге мүмкіндіктері жоқ.
Орнатылған фотоэлектрстанциялар елді-мекендерден шалғайда орналасқан стационарлы кордондар мен жылжымалы тұрғын вагондарында тұратын инспекторлар мен ғылыми қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартумен қатар, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау бағытындағы жұмыстың сапасын арттыруға ықпалы тимек әрі ауаны ластайтын заттардың көлемін жылына бір жарым тоннаға дейін азайтуға септігі болады.
Дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы, Индустрия және жаңа технологиялар министрліктерінің, БҰҰ ДМ, «НұрОтан» ХДП, «ҚазАгроИнновация» АҚ өкілдері, ЖЭҚ/Бүкіләлемдік банктің менеджерлері, сондай-ақ табиғи ресурстар және табиғатты қолдану басқармаларының, орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекцияларының өкілдері, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың директорлары мен орынбасарлары қатысты.
Шара барысында жиналғандар елімізде сарқылмас энергия көздерін пайдалану мәселелерін талқыға салып, жиын соңында ұсынымдар топтамасын қабылдады.
Шара Жаһандық экологиялық қоры Шағын гранттар бағдарламасының қаржылық қолдауымен өтті.