Елордада шайбалы хоккейден Президент Кубогі үшін халықаралық жарыс өтеді

None
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада 9-13 тамыз аралығында шайбалы хоккейден Президент Кубогі үшін халықаралық турнир жалауын көтереді.

Бұл туралы бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан федерациясының бас директоры Юрий Зверев мәлім етті.

 Бүгін «Нұр Отан» ХДП-нің орталық аппаратында болған баспасөз мәслихаты барысында дүбірлі додаға дайындықтың жай-күйі айтылды. Турнирге қатысатын бес команда анықталды. Олар елорданың «Барысы», Ресейдің «Югра» мен «СКА» хоккей клубтары, Өскеменнің «Қазцинк-Торпедо» командасы және Қазақстан ұлттық құрамасы.

 Бақталастар 4 күн бойы айналмалы жүйе бойынша өзара мықтыны анықтайды. Алғаш болып мұз айдынында «СКА» мен Қазақстан құрамасы күш байқасады. «Барыстың» бірінші қарсыласы - ресейлік «ЮГРА».

 «Барыс» хоккей клубының президенті Вадим Шақшақбаевтың сөзіне қарағанда, ойынның ең қызықты деген матчтары жанкүйерлер көп жиналуы үшін демалыс күндері болмақ.  «Билеттердің сатылымы үлкен қарқынмен бастағанын атап өту керек. Даярлықтың барлық қамы жасалды», - деді ол.

 Президент Кубогі сарапқа салынатын сайысты - «Нұр Отан» халықтық демокртаиялық партиясы мен Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы ұйымдастырып отыр.

Кубоктің былтырғы жеңімпазы - «Барыс» хоккей клубы.