Елордада ішінде бала болған лифт үзіліп кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада лифтінің істен шығу фактісі тіркелді.

Фото: Shutterstock

Төтенше жағдай елорданың М. Төлебаев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйде тіркелген. Ақпаратта айтылғандай, лифтінің ішінде қыз бала болған. 

Баланың қазіргі жағдайын қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан сұраған едік.

— Ата-анасы баласын № 2 көпсалалы балалар ауруханасына апарған. Бейінді мамандар амбулаториялық тексеру жүргізді. Ауыр жарақат болмағандықтан, ауруханаға жатқызу қажет болмады, сондықтан бала амбулаториялық ем алуға жіберілді. Одан арғы емдеу тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі, — деген хабар алдық басқарманың баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, ел аумағында лифтінің кенеттен істен шығу фактілері жиі болып тұрады. Биыл мамырда Қызылордада лифт ішінде қалып қойған адамдар құтқарылды
Сондай-ақ өскемендіктер лифтілердің жиі сынатынына шағымданды

Одан бөлек Ақтөбеде лифт істемейтін үйдің кей тұрғындары айлап дала көрмейтінін жазған едік

Еске салайық, елімізде тағам, жанармай, лифтіге қатысты техникалық регламент қайта қаралады