Елордада Шығармашыл жастардың орталығын құру ұсынылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның анимациялық киностудиялары қауымдастығы елордада Шығармашыл жастардың орталығын ашуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордада керемет Оқушылар сарайы бар. Онда түрлі үйірмелер жұмыс істейді және балалар сол жерде тәлім алып жүр. Енді елордамызға Шығармашыл жастардың орталығы керек. Біздің қауымдастықта қазір 8 анимациялық киностудия бар. Олар әрбір жерде ай сайын 300-400 мың теңге аренда төлеп, жан-жақта шашырап жүр. Егер осындай шығармашыл орталық болса, біз бір жерде шоғырланар едік», - деді агенттік тілшісіне Қазақстанның анимациялық киностудиялары қауымдастығының төрағасы Жәнібек Оразалы.

Осы орайда ол Нұр-Сұлтан қаласында бұл іске үлес қоса алатын композиторлар, суретшілер бар екенін атап өтті.

«Соның барлығын жинақтайтын шығармашылық орталық керек сияқты. Біз жалға алу сомасын төлеуге дайынбыз. Осы орайда жеңілдіктер болса, тіптен жақсы болар еді. Өйткені шетелден мамандар келген кезде, тәжірибе алмасып, бірлесе жұмыс істейтін арнайы орын болмай тұр», - деді ол.