Елордада «Шығыс деректеріндегі ономастика және ұлттық антропонимика мәселелері» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік семинар өтті

None
АСТАНА. Желтоқсанның 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Шығыс деректеріндегі ономастика және ұлттық антропонимика мәселелері» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік семинар өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияға арқау болған өзекті мәселелердің бірі - түркі халықтарының тарихындағы құндылықтар мен ақтаңдақтар мәселесі.

 Конференцияның ресми бөлімінде ғалымдар түркі мәдениетін тереңдей зерттеген еңбектерімен  таныстырып, толымды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Жапонияның Киото қаласынан келген соғдология ғылымының майталманы Ютака Йошида Гоби шөліндегі Сеурей тас ескерткіштеріндегі жазуларды зерттеудің нәтижелері; тарихшы, профессор Қойшығара Салғараұлының түрік немесе түркі атауының түп-негізіне үңілген ойлары, Қыпшақ тарихы мәселелеріне арналған баяндамасы, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаның орта ғасырдағы қазақ даласында орналасқан Жошы-Қыпшақ, Алтын орда атауларының қолданылу мәселелеріне арналған ой-толғамдары және басқа да толымды еңбектері сөз болып, ортаға ұсынылған бұл пікірлер тарихшы ғалымдар тарапынан қызу талқыланды.

«Бүгінгі конференцияның жөні бөлек. Себебі шығыс деректерін, оның ішінде бізбен байланысып жатқан  Алтай деректеріндегі, Жапон, Қытай деректеріндегі ономастикалық, антропонимика мәселелері шынында да қайта сабақтауды, парықтауды қажет етіп отырған жайы бар», дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы.

 Жиын  барысында Дихан Қамзабекұлы Университет атынан шын алғысты білдіру мақсатында Жапониядан келген мейман Ютака Йошидаға оқу ордасының «Күлтегін» атты естелік белгісін табыс етті.

 Іс-шараның жоспарына сәйкес, түс қайта конференция жұмысы Алматы және Қарағанды баяндамашыларының сөз сөйлеуімен жалғасын табатын болады.