Елордада «SocialCamp Astana 2010» атты үкіметтік емес ұйымдар үшін ауқымды конференция өтеді

АСТАНА. Шілденің 22-сі. ҚазАқпарат - Шілденің 23-25-і күндері алғаш рет елімізде Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымдастыруымен SocialCamp Astana 2010 атты еліміздің үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) үшін ауқымды бейресми конференция өтеді.

Елдің әртүрлі қайырымдылық қорлары, қоғамдық бірлестіктері, жастар және волонтерлық ұйымдары, блогерлері мен бастамашы топтары Астанада бас қосып, үш күн бойы фандрейзинг мәдениетін оқып, әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа тәсілдерін үйренуге бас қосады. Сондай-ақ олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, 2012-2015 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасына идеялары мен ұсыныстарын енгізеді.

«Соңғы 10 жылда Қазақстанда ҮЕҰ қарапайым адамдарға әсер ететін шағын мәселелерге көңіл аударуды үйренді. Енді міне осы тәжірибені көбейту, жаңа бағыттарды ашу және өзіндік идеяларды жүзеге асыруға жұмылдыру уақыты келді», - дейді «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі азаматтық қатысу бағдарламаларының директоры Сәбина Дүйсекеева.

Конференцияның басты мақсаты - елдің қоғамдық секторының жұмысын елеулірек, ашығырақ және тиімдірек ете түсу. SocialCamp Astana 2010 міндеттерінің ішінде қоғамдық секторды дамытуға жаңа ынта беру және жақын арадағы үш жылғы жұмыстардың негізгі трендтерін белгілеу де бар.

Аталған алқалы жиын аясында Social Ideas Market атты әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өткізілмек. Ұсынылған өтінімдерден ең жарқын және нәтижеге бағытталған жобалар таңдалып, олар жалпы сомасы 3000 долларлық грантқа ие болады.