Елордада соғыс ардагерлерінің үйлері жөндеуден өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 69 жылдығы жақындап келеді. 2014 жылдың 1 сәуіріндегі деректер бойынша Астанада 258 ҰОС ардагерлері тұрады, олардың 194-і ҰОС ардагерлері, 64-і ҰОС мүгедектері. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жыл сайынғы дәстүрлі шаралардан басқа ардагерлердің материалдық-тұрмыстық өмір сүру жағдайларын зерттеу қорытындылары бойынша, үйлері мен пәтерлеріне, аулаларына жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Ал Жеңіс күні қарсаңына орайластырылған «Мейірімділіктің көктемгі күндері» кең ауқымды акциясы аясында елордалық мектеп оқушылары мен колледж студенттері ардагерлердің ауласын тазалап, шаруашылықтарына қолғабыс етеді.

Сондай-ақ, ардагерлерге қала бюджетінен ақшалай демеушілік көрсетіліп, мерекелік концерттер ұйымдастырылып, санаторийлерге жолдамалар үлестіріледі.