Елордада стационарлық төсектердің 41%-ы бос емес

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов коронавируспен ауырып жатқан науқастардың жағдайы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде стационарлардың қуаттылығы 634 төсек-орынға жетеді. Оның ішінде 75-і – реанимациялық төсек-орын. Қазіргі таңда коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу үшін 7 инфекциялық стационар жұмылдырылған.

Инфекциялық стационарларда 260 науқас жатыр. 238 адамнан коронавирус анықталса, 22 пациент пневмониядан емделуде. Осылайша жүктеме 41% болып тұр. 17 пациент жансақтау бөлімінде, 2 адам өкпеге жасанды дем беретін аппаратқа жалғанған», - деді басқарма басшысы.

Оның мәліметіне сүйенсек, науқастардың арасындағы 153 адам КВИ-ға қарсы екпе алмаса, 107 адам вакцина алғанына қарамастан, індет жұқтырған.

«Пандемия басталғаннан бері қаламызда 3.3 миллионнан астам коронавирус инфекциясының ПТР диагностикасы жүргізілген. Өткен тәулік ішінде 586 жаңа жағдай анықталды. Соңғы 3 аптада орташа есеппен тәулігіне 150-ге жуық жағдай тіркеліп, 20 адам ауруханаға жатқызылуда», - деді Тимур Мұратов.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенованың айуынша, қаладағы эпидемиологиялық ахуал «сары» аймаққа жақындап келеді.