Елордада «Студенттік көктем ? 2009» фестивалі басталды
11:11, 12 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Кеше «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалында 10-шы қалалық «Студенттік көктем – 2009» фестивалін өткізу жөнінде баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Бұл фестивальдің қай кезде болмасын маңызы зор. Жоғары оқу орындары арасындағы мұндай шаралар елордада аз ұйымдастырылады. Сондықтан, «Студенттік көктем ? 2009» фестивалі студенттік жастар арасында ең қызықты, әрі танымал шаралардың бірі десек болады», - деп атап өтті баспасөз мәслихатында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі вице-президенті Александр Майер.Мамырдың 11-і мен 18-і аралығында өтетін фестивальді «Жастар ортасында қазақ тілін дамыту» қоғамдық бірлестігі мен Астана қаласы Жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы қалалық ішкі саясат басқармасы және «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының қолдауымен ұйымдастырып отыр. «Фестивальдің өткізілу мақсаты ? елорда жастарының шығармашылық, интеллектуалдық, тәрбиелік және рухани тұрғыда жан-жақты дамуына ықпал ету, сондай-ақ Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру үшін мемлекеттік жастар саясатын күшейту», - деді Астана қаласы Жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы кеңесінің төрағасы Евгений Рибалко.Сегіз күн бойы фестиваль аясында жастар ұйымдары және студенттік өзін-өзі басқару қозғалыстары күшімен 13-ке жуық іс-шара өтеді. Олардың қатарында, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне мекен-жайлық көмек көрсететін «Қамқорлық» акциясы, студенттер КТК командалары арасындағы қалалық фестивалі, әлеуметтік бейнебаяндар жастар байқауы, «Ел болашағы» патриоттық әндер байқауы, мемлекеттік тіл тақырыбында пікірталас, студенттердің өзін-өзі басқаруын дамыту мәселелері жөнінде дөңгелек үстелдер және тағы басқалары бар.