Елордада су басу қаупі бар 29 учаске бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада су басу қаупі бар 29 учаске бар. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Бауыржан Бейсенқанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромедтің болжамына сәйкес, наурыздың үшінші тоқсанында ауа райы құбылмалы, қарлы, жауын-шашынды, бұрқасынды болып келеді. Демалыстан кейін күн жылынып, жауын-шашын болуы ықтималдығы жоғары. Қазгидромет пен ТЖД-ның бірлескен бұйрығымен жоспар бекітілген. Аталған құжатқа сәйкес ақпан және наурыз айында Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінде, 150 шақырымды радиуста қардың ылғалдылығын, топырақтың қатуын тексеру жұмыстары жүріп жатыр.Ақпанның 22-26 күндерінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде топырақтың қатуы 84 см құрағаны анықталды. Былтыр ақпанда топырақтың қатуу 66 см болған еді. Яғни биыл 30 пайызға жоғары. Оған қоса қардағы ылғалдылық қор былтырғыдан 20-30 пайызға төмен»,- дейді ол.

Оның атап өтуінше, дәл осындай жұмыс наурыздың 25-26 күндері жүргізіледі.

«2020 жылдың соңында елорда аумағында су басу қаупі бар 29 учаске белгіленген. Ал, 2019, 2020 жылдары су басу қаупі бар учаскелердің саны 37-і еді. Демек, тоқтаусыз атқарылған жұмыстарымыздың арқасында мұндай учаскелердің саны 8-ге азайды. Қазіргі уақытта аталған су басу қаупі бар учаскелерде қар шығару, су ағатын арықтарды тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы, бүгінгі күнге дейін қала аумағынан 1 млн 400 мың текше метрге жуық қар шығарылды. 11 қар шығаратын полигон бар, олардың ешқайсысы толған жоқ. Былтыр осы уақытта қала бойынша 6 млн текше метр қар шығарылған еді», - деді Бауыржан Бейсенқанов.