Оның атап өтуінше, 2009 жылы қолданыстағы сметаға сәйкес ауызсумен жабдықтау шығындары 66 пайызға артқан. Бұл орайда сумен жабдықтау қызметінің 1 текше метр суының өзіндік құны 29,11 теңге болса, қолданыстағы тарифтік сметада 21,53 теңге көлемінде белгіленген. Кәріз шығындары 100 пайызға артқан. Оның да 2009 жылғы 1 текше метріне кеткен іс жүзіндегі шығыны 25,28 теңге болса, қолданыстағы тариф көлемі 15,58 теңгені құрайды. Ал техникалық су шығындары 107 пайызға артып отыр. Бұл ретте де өзіндік құнының 1 текше метрі 13,59 теңге де, қолданыстағы тарифтік смета 7,10 теңге. «Осыған орай Астана қаласының тұтынушыларын уақытылы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында реттелетін барлық қызмет түрлерінде тарифтерді көтеру қажеттігі туындап отыр», дейді ол.
Сонымен қатар ол тарифтерді көтеруге итермелейтін бірқатар себептерді де алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары «Астана су арнасы» МКК-нің мүліктік кешені біршама ұлғая түскен. Мәселен, 2005 жылы мекеме балансында 32 су жүргізетін сорғы стансысы, 38 кәріздің стансы болса, қазіргі уақытта олардың саны 63 пайызға артқан. Ал су құбыры желісі 248, кәріз желісі 77 шақырымға ұзарып, желінің жалпы ұзындығы 1,5 есе өскен. Кәсіпорында кадр мәселесі де өзекті болып отыр. Оған орташа жалақының 26 мың теңге, яғни Астанадағы орташа жалақыдан 4 есеге жуық кем болуы да әсерін тигізуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы мекеме жылдық шығындар сметасына сәйкес өз қаражатына сумен жабдықтау жүйелері нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бұл мақсатқа кәсіпорын қосылған құн салығынсыз 829,2 миллион теңге бөлуді қарастырып отыр.
Осындай негізгі себептерді алға тартқан У. Досаев су шаруашылығы мен кәріз жүйелерінің қызметтеріне сараланған тарифтер 3 топ бойынша енгізілетінін атап өтті. «Сонымен сумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері топтар бойынша саралаған жобалық көлемі ҚҚС-ті қоспағанда суды тұтынудың бір айлық шекті мөлшерінде адам басына 3 текше болып белгіленеді және 27,14 теңге болады. 2 топ 3 пен 6,5 текше метр аралығында 54,15 теңге, 3-ші топ 6 текше метрден асатындарға 105,9 теңге болады. Яғни тарифтер 3 есе өседі», деді ол.
Бұл тарифтер ағымдағы жылғы шілденің 1-інен бастап қолданысқа енгізілмек. Алайда ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің қалалық департаменті берілген өтінім бойынша нақты шешімін маусым айының соңына таман қабылдайды.