Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, бұл - елордада есігін айқара ашқан 11-ші мешіт. Жеке мердігердің көмегімен салынған құлшылық орнының ашылуына ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз қатысып, жиылған жұртшылық алдында мешіт салудың сауабына тоқталды.
«Мешіт - адамдарды мейірімге, сүйіспеншілікке шақыратын, бір-біріне қамқор болып, қол ұшын беретін, мұқтаж болған адам жанына тыныштық табатын, сондай бір қасиетті, ұлық мекен. Бұл - имандылықтың, білімнің, ғылымның ордасы. Кешегі Қараөткелден келе жатқан Ақмола, кеше ғана халқымыздың басын біріктірген Астана, бүгін нұрланып дамып жатқан Нұр-Сұлтан қаласында халықтың негізгі бөлігі шоғырланған жерге мешіт көптен бері қажет еді. Мінеки, Елбасымыздың тапсырмасымен дәл осы халық тығыз орналасқан жерге мешіт салдырған әулетке Алла разы болсын дейміз», - деді Бас мүфти бүгінгі мешіттің ашылу рәсімі кезінде.
Айта кетейік, бас қаланың оң жағалауында бой көтерген жаңа мешітке бір мезетте 1500-2000 адам еркін сыйып, құлшылығын өтей алады. Сондай-ақ, мешіт жанынан ас беруге, Рамазан айында ауызашар беруге ыңғайлы асхана да ашылды.