Елордада тағы бір көпбейінді балалар ауруханасын салу қажет – министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада кемінде 350 төсек-орынға арналған көпбейінді қалалық балалар ауруханасын салу қажет. Мұны «2023-2027 жылдарға арналған елорданың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың кешенді жоспарын» жариялаған Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елордада балалар хирургиялық стационарының тапшылығы бар. Елордада емделген балалардың саны жыл сайын орта есеппен 2 300 жағдайға өсіп келеді. Балаларға хирургиялық көмек көрсететін жалғыз стационар – 2014 жылы пайдалануға берілген №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы. Онда 2018 жылдан бастап жасалған операциялар саны 42%-ға өсті. Мұнда елорданың іргелес аудандарына да көмек көрсететін жалғыз балалар жарақат пункті бар. Ол өз кезегінде тасымалдау уақытына, пациенттердің кезек күтуі мен халықтың шағымдарының өсу мәселесіне әкеп соғып отыр», - деп мәселе көтерілген кешенді жоспарда.

Бұл түйткілді шешу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Есіл мен Нұра аудандарының аумағында көпбейінді аурухана салуды ұсынып отыр.

«Тәулігіне орта есеппен 600-ге жуық бала шұғыл көмекке жүгінеді. Оның ішінде 183-і жарақат пунктіне. Жоғарыда айтылғандарды талдай отырып, Есіл және Нұра аудандарының шекарасындағы ауданы 12 гектар жерге қуаты кемінде 350 төсек-орын болатын көпбейінді қалалық балалар ауруханасын салу қажеттігі бар», - деп ұсыныс жазылған құжатта.

Құжат 14 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.