Бұл туралы бүгін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов жалпықалалық сенбілікте журналистермен болған сұхбатта айтты.
«Елбасының тапсырмасы бар - тағы бір саябақты елорданың сол жақ жағалауында құру. Ол шамамен 100 гектар аумақты қамтиды», дейді қала әкімі.
Осы тапсырмаға сәйкес қала әкімдігі жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауда.
«Қала - тірі ағза, ол күн сайын дамып отырады. Елбасының «АстанаБасжоспарға» соңғы келуінде, бізге қаланың алдағы құрылысына қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді», деді ол.
Қазіргі уақытта Астанада бірнеше үлкен жобалар мен ғимараттар тұрғызылуда. Сол жағалауда Опера театры салынып жатыр. Жақын уақыттарда Оқушылар сарайының, Тарих мұражайының, Медиа орталықтың құрылысы басталмақ.
«Соңғы он жыл аралығында салынған нысандар сияқты аталмыш ғимараттар қаланың көркіне айналатын болады», деді И. Тасмағамбетов.