«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Ләззат Ықыласованың атап өтуінше, білім додасы 2007 жылдан бастап педагогика мамандығының мәртебесін арттыру, талантты ұстаздарды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында өткізіліп келеді. Ағымдағы жылы олимпиадаға жұмыс өтілі 3 жылдан аспайтын жас педагогтар мен психологтардың, сондай-ақ болашақта ұстаздық жолын таңдауға ниет танытып отырған мектеп оқушыларының 30 командасы қатысуда.
Кеше жоғары сынып оқушылары арасындағы байқау өтсе, бүгін жас педагогтар мен психологтар сайыс жолына шығуда. «Жыл сайын бұл байқауға деген қызығушылық артып келеді. Егер де бұған дейін барлық топтар бір күнде бақ сынап, қатысуға ниет танытқандардың барлығын олимпиадаға жіберсек, ендігі уақытта бізге іріктеу кезеңін өткізуге тура келді», - деді Л.Ықыласова.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 1-ші,2-ші және 3-ші дәрежелі дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталады. Сонымен қатар 1-орын иегерлері мамыр айында өтетін Республикалық педагогикалық олимпиадада елорда намыс қорғайтын болады.