Елордада тамақтану орындары санитарлық талаптарды жиі бұзатыны анықталды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тамақтану орындарының санитарлық талаптарды жиі бұзатыны анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты Қызмет көрсету саласы және сауданы дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалалық әкімдіктің ресми сайтында жарияланғандай статистикаға сүйенсек, елордада сауда орталықтарына қарағанда тамақтану орындары санитарлық талаптар мен ережелерді жиі бұзады. Неге тамақтану орындары дегенге келсек, ол жерде адамдар тамақтанып қана қоймай, түрлі көңіл көтеру мақсатындағы іс-шараларды да ұйымдастырады. Әсіресе осы жаңа жылдық мереке кезінде, яғни демалыс күндері қаладағы тамақтану орындарының (мейрамхана, лаундж-бар) карантиндік талаптарды жиі бұзғаны анықталды», - деді Руслан Ыдырысов тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, тамақтану орындарында көбінесе адамдар арасындағы арақашықтық сақтамайды, нысандар уақытылы жабылмайды және келушілердің қорқор тарту жағдайы тіркеледі.

«Өздеріңіз білесіздер, елордада сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендері, сапермаркеттердің жұмыс істеу уақыты өзгертілді. Одан әрі әрбір сауда нысаны өзі белгілейді. Яғни, ерте жабылады ма, әлде түнімен істейді ме қожайынның еркінде. Бірақ бұл тек қана аумағы 2 мың метрден асатын сауда орындары мен азық-түлік дүкендеріне қатысты. Ал қалған нысандар сағат 22:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда орталықтары мен тамақтану орындарының қызметін арнайы құрылған мониторингтік топ қадағалайды», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін елордада арнайы мониторнигтік топ бірнеше сауда орталықтарын аралап, санитарлық талаптарды сақтауға шақыру мақсатындағы ақпараттық түсіндіру жұмысын өткізді.