Өзіндік ұлттық өрнегі мол Сахи Романовтың шығармаларының «тамыры» тым тереңде, суретшінің өмірді терең сезінуінен, болмыспен тікелей араласуынан туындаған. Оған Отан бейнесі халық өмірінің дәстүрлі тыныс-тіршілігімен немесе бояулардың белгілі бір жарасымды үйлесімен анықталмайды. Ол бейне туған жердің тынысын терең түсінуден, онымен үнемі үзілмейтін жанды байланысты сезінуден туындап отырады. Сахи шығармаларының мазмұнды болуы табиғатын жанды сұлулығын шын мәнінде асқақ сезіне білуінен, сондай-ақ, ішкі ой-сезімін, көңіл-күйін дөп басып жеткізе алатын шеберлігінен деп ұғынған жөн.
Сахи Романов суретші ғана емес, елінің асыл мұратты азаматы. Балалық шағы ауыр қиыншылықта өткен ол өмірге соншалықты құштар-ақ. Күн нұрына малынып, төсінде еңбек дүбірі қайнап жатқан туған жерін, оның бейбіт өмірін ол іңкәрлікпен сүйеді. Ол әрқашанда аспанның ашық, адамдардың бақытты болуын көргісі келеді, халқының жасампаз еңбектегі табыстарын зор мақтан тұтады.
Суретші шығармашылығының өзіндік ерекшелігі туған жерінен нәр алып, тамырланып «өз бойынан» тарауда, ал азаматтығы - туған жерінің тағдырымен бірге екенін жүрегімен сезінеді. Көрме 2014 жылы 29 мамырда сағат 17.00-де Астана қаласының оқушылар сарайында өтеді, деп хабарлады «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығынан.