«2016 жылдың 9 айдың көрсеткішіне сүйенсек, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 12 005 талап түскен. Оның ішінде сотта қаралған 8 553 талап-арыз бойынша сот шешімі, ал 883 іс бойынша сот бұйрығы шығарылған. 1 070 азаматтық іс бойынша өндіріс тоқтатылған. Оның ішінде жартысынан көбі тараптардың келісімі бойынша тоқтатылып отыр. Бұл Астана қаласы соттарының ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болып саналады»,- деді ол.
Оның айтуынша, сотта келісімге келу процедураларын белсенді қолдануға бағытталған шаралар қолданылды. Нәтижесінде егер 2015 жылы 136 азаматтық іс бойынша тараптар медиация тәртібімен келісімге келсе, ал осы жылы ол көрсеткіш 480-ге дейін өскен.
«Жаңа ҚР Азаматтық процестік кодексі бойынша медиациялық келісімді тек медиаторлар ғана емес, сонымен қатар тараптардың өтінішхаты бойынша судья өткізе алады. Сол себепті қазіргі уақытта дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келу арқылы тоқтатылған азаматтық істердің өсуі байқалып отыр. Сот өндірісіне қабылдау кезінде сотпен қайтарылатын талап-арыздардың саны едәуір қысқарды. Бұл тенденция жаңа Азаматтық процестік кодекс бойынша егер сотқа дейінгі іс жүргізу сатысындағы кемшіліктерді жою мүмкін болмайтын жағдай анықталса, арыз қайтарылуға жататындығымен түсіндіріледі. Көбінесе арыздардың қайтарылуы олардың соттың қарауына жатпайтындығына негізделеді»,- деді Жамансариева.