Елордада тәулігіне 900 адам қабылдайтын диагностикалық кешен салынып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM- ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Елорда халқының өсуіне байланысты медициналық инфрақұрылымды кеңейту және медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы қабылдау-диагностикалық кешен мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жанындағы балалар травматологиялық пункті пайдалануға беріледі.

Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы елордадағы демографиялық өсімді ескеріп, медицина инфрақұрылымын дамытуды, медициналық қызметті сапалы әрі қолжетімді етуді тапсырған болатын. Қала халқының саны артып, қолданыстағы ауруханалар мен емханаларға түсетін жүктеме көбейгендіктен, медициналық мекемелер желісі де кеңейіп келеді.

Нұрлыбек Нәлібаев алдымен перинаталдық орталықтың құрылысымен танысты. Нысанды келесі жылы ашу жоспарланған. 250 төсектік жаңа заманауи орталық жүкті және босанатын әйелдерге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар қазір жұмыс істеп тұрған босану ұйымдарындағы жүктеме азаяды.

Фото: Үкімет

Сарыарқа ауданында 300 төсектік көпсалалы қалалық аурухананың құрылысын аяқтап, оны ашу жоспарланып отыр. Жаңа стационар іске қосылған соң, елордадағы төсек қоры ұлғайып, ересек тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек қолжетімді бола түседі.

№2 қалалық көпбейінді аурухананың жанынан ашылатын жаңа қабылдау-диагностикалық кешенде ересектер мен жүкті әйелдерге арналған қабылдау бөлімдері, диагностикалық қызмет және травматологиялық пункт орналасады. Бес қабатты нысан тәулігіне 700–900 адамды қабылдай алады. Мұнда алғашқы тексеруден бастап диагноз қою, ота жасау және емді жалғастыруға дейінгі шұғыл көмектің барлық кезеңінен бір кешеннің ішінде өтуге болады. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кешенде компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография (МРТ), рентгенодиагностика, ангиографиялық операциялық бөлме, операциялық залдар, инсульт орталығы, травматология бөлімшелері, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.

Фото: Үкімет

Биыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған қосымша ғимарат та ашылады. Онда реанимация залы, операция бөлімі, компьютерлік томография және рентгенодиагностика кабинеттері жабдықталады. Бұл жарақат алған балаларды заманауи құрылғылармен тексеру мен емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, оларды тиісті бөлімдерге бағыттау тәртібін оңтайландыруға және медициналық көмекті жедел көрсетуге жол ашады.

Былтыр Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті ашылған. Онда 10 мыңнан астам бала медициналық көмек алған.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісі де кеңейеді. Астананың өсіп келе жатқан аудандарында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын үш жаңа емхана салынады. Бұл тұрғындардың тұрғылықты жерінде учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға қаралуына, диагностикадан және профилактикалық тексерулерден өтуіне жағдай жасайды.

Жобалар жүзеге асқан соң, медициналық қызметтің емханадағы қабылдаудан бастап көпбейінді стационарлық көмекке дейінгі барлық кезеңін қамтуға мүмкіндік туады.

Осыған дейін елдегі медициналық туризмнің жыл сайын 300 млн доллар кіріс әкелуі мүмкін екені туралы жаздық.