Елордада «Таза Қазақстан — Таза Астана» байқауының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана күні қарсаңында және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елордада «Астана Тазалық» ЖШС ұйымдастырған журналистер мен блогерлерге арналған «Таза Қазақстан — Таза Астана» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Фото: Астана Тазалық

Байқаудың негізгі мақсаты — жұртшылықтың назарын экологиялық мәдениет мәселелеріне аудару, елордадағы тазалық пен тәртіпті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау, сондай-ақ Астана қаласының, оның қала маңындағы аумақтары мен елді мекендерінің санитариялық жағдайын жан-жақты жариялау.

Екі айға созылған байқау бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Қазылар алқасының қарауына телевизиялық сюжеттер, республикалық және өңірлік баспа және интернет-басылымдардағы жарияланымдар, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі материалдарды қамтитын 142 авторлық жұмыс ұсынылды.

Фото: Астана Тазалық

Өткен жылмен салыстырғанда байқауға қатысушылар саны едәуір артты. Бұл экология, қоршаған ортаны қорғау және коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі тақырыптарына деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Іс-шараға қатысушыларды «Астана Тазалық» ЖШС Бас директоры Альберт Есалиев құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамытуға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық бастамаға айналғанын атап өтті.

Фото: Астана Тазалық

— Күні кеше ғана қолданысқа енген жаңа Конституция еліміздің әділетті әрі орнықты дамуының жаңа кезеңін айқындап елорда мәртебесі, Қазақстанның саяси, әкімшілік және қоғамдық орталығы ретіндегі ерекше мәртебесін тағы бір мәрте бекітті. Осындай маңызды кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясының мәні одан әрі арта түседі. Президентіміз тазалық әрбір адамның өзінен басталатынын бірнеше мәрте атап өтті. Тазалық — бұл тек қалалардың санитариялық жағдайы ғана емес, сонымен қатар мәдениеттің, жауапкершіліктің және өз үйіне, өз қаласына, өз еліне деген құрметтің көрсеткіші. Бүгінде қоғамда экологиялық сананы қалыптастыру аса маңызды. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше, — деді Альберт Есалиев.

Байқау жұмыстары мынадай өлшемшарттар бойынша бағаланды:

— тақырыптың өзектілігі және қоғамдық маңыздылығы;

— материалдың мазмұнын ашу тереңдігі мен ақпараттың нақтылығы;

— материалды ұсыну сапасы, баяндау стилі мен логикалық құрылымы;

— авторлық көзқарас пен шығармашылық ерекшелік.

Фото: Астана Тазалық

Қазылар алқасының құрамына бұқаралық ақпарат құралдары саласының тәжірибелі әрі беделді өкілдері енді. Бағалау қорытындысы бойынша экологиялық мәдениет, қала тазалығы және коммуналдық қызметкерлердің еңбегінің маңыздылығын жан-жақты әрі кәсіби деңгейде ашқан үздік жұмыстар анықталды.

Фото: Астана Тазалық

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

«Астана Тазалық» ЖШС өкілдерінің айтуынша, «Таза Қазақстан — Таза Астана» байқауын жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастама алдағы уақытта да экология, тазалық, еңбек және қалалық инфрақұрылымды дамыту тақырыптарын көтеретін журналистер мен блогерлерді қолдауға, сондай-ақ қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары және коммуналдық қызметтер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатын болады.

Бұған дейін Астана күніне орай елордада қандай спорттық іс-шаралар өтетінін жазғанбыз.