Экологиялық акция мерекелік күннің маңызды іс-шараларының біріне айналып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, сондай-ақ коммуналдық қызмет мамандарының еңбегіне құрметпен қараудың маңызын кеңінен насихаттады. Елорданың орталық алаңдарының бірінде арнайы интерактивті аймақ ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары Астананың тарихы, экология, абаттандыру және тазалық қағидалары, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің жұмысы туралы білімдерін сынады. Дұрыс жауап берген қатысушыларға экологиялық тақырыптағы естелік сыйлықтар табысталды.
Акцияға жалпы 1000-нан астам адам қатысты. Іс-шара барысында 600-ден астам экологиялық сыйлық, оның ішінде «Таза сана — таза қала» ұраны бейнеленген брендтік футболкалар, кепкалар мен шопперлер үлестірілді.
Ұйымдастырушылар оқу мәдениетін дамытуға да ерекше назар аударды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында қатысушыларға 100-ден астам кітап сыйға тартылды. Олардың қатарында қазақ әдебиетінің көрнекті классиктері — Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бердібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков және өзге де қаламгерлердің шығармалары болды.
— Мұндайіс-шаралардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Біз күнсайын таза көшелермен жүреміз, бірақ оның артында қаншама адамның еңбегі тұрғанын көп жағдайда ойлай бермейміз. Бүгін баламмен бірге викторинаға қатыса отырып, коммуналдық қызметкерлердің еңбегіне мүлде басқа қырынан қарадым. Осындай бастамалар балаларға өзгенің еңбегін құрметтеуді және қоршаған ортаға жауапкершілікпенқарауды үйретеді, — деді акция қатысушысы Жазира Болатова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі мақсаты — күн сайын қала тазалығын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегінің құндылығын тұрғындарға жеткізу және интерактивті формат арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
— Біздің мақсатымыз — тек көңіл көтеретін іс-шара ұйымдастыру емес. Біз интерактивті формат арқылы тазалық әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салғымыз келеді. Коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және қарапайым тазалық қағидаларын сақтау — заманауи қаланың мәдениетін қалыптастыратын маңызды құндылықтар. Бұл мамандық иелері көбіне көзге көріне бермейді. Алайда дәл олардың күнделікті еңбегінің арқасында елорда тұрғындары таза көшелерді, саябақтарды және қоғамдық кеңістіктерді пайдаланып жүр, — деді акция ұйымдастырушысы Қымбат Бақыткелді.
Күні бойы өткен викторина мерекелік көңіл күй сыйлап, ересектер мен балалардың басын қосты. Қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болып қана қоймай, экология, елорда тарихы және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидалары туралы жаңа мәліметтер алды.
Астана — қарқынды дамып келе жатқан заманауи мегаполис. Оның тазалығы — қала тұрғындарының саналы көзқарасы мен күн сайын тынымсыз еңбек етіп жүрген мыңдаған адамның маңдай терінің нәтижесі. «Таза сана — таза қала» экологиялық викторинасы тағы бір мәрте таза қала әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатынын еске салды.