Елордада тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті
Жиналған жауынгерлердің, әскери қызметшілердің алдында сөз сөйлеген ҚР ІІМ Ішкі әскерлері қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов олардың ерлігі мәңгі есте қалатындығын баса айта келе: «Бүгін Ішкі әскерлердің барлық бөлімдерінде тәжік-ауған шекарасында өз өмірлерін қиған жігіттердің ерлігін есте сақтауға арналған шаралар өтуде. Тәжікстандағы сыртқы шекараны қорғауға қатысқан олардың және Ішкі әскердің 2 мыңнан астам жауынгерінің ерлігі арқасында біз мемлекетіміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, есірткі мен қару-жарақ дәлізіне сенімді тосқауыл қойдық», - деді.
Айта кетейік, өткен ғасырдың 90-шы жылдары Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақ болған қарулы топтарға батыл тосқауыл қойған қазақстандық батальон жауынгерлерінің ерлігі баршаға белгілі. 1995 жылдың 7 сәуірі Ішкі әскерлер тарихында жауынгерлік із қалдырған ерліктің күні болып саналады. Өйткені дәл осы күні тұтқиылдан тап берген қарулы топқа Ішкі әскердің жеке ротасының жауынгерлері қарсы тұрды. Төрт жарым сағатқа созылған шайқас барысында Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапты.