Елордада «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті

None
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Ғ.Орманов атындағы №7 мектеп-гимназияда «Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Сарыарқа аудандық әкімдігінің мұрындық болуымен өткен шара барысында әзірбайжан, орыс, татар, кәріс, орыс, украин, қырғыз, өзбек ұлтының оқушылары қазақ тіліне байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ олар тілге қатысты қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, ойларын қазақ тіліне қатысты нақылдармен, мақал-мәтелдермен ұштастыра өрбітті.

Тіл қай халықтың болмасын, тарихы мен тағдыры. Ол тәлім-тәрбие негізі, қарым-қатынас құралы. Біздің бүгінгі бас қосудағы негізгі мақсатымыз - қазақ тілінің өркендеуіне өз үлесімізді қосу», дейді мектеп оқушысы Махина Елдашева.

Мектеп директоры Жанат Айтованың айтуынша, бүгінгі дөңгелек үстел отырысында өз пікірлерін ортаға салған өзге ұлт өкілдері бұған дейін қазақ тілінен аудандық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінген оқушылар екен. Осыдан 2 жыл бұрын мектеп ішінде шаңырақ көтерген мемлекеттік тіл үйрету орталығы қазіргі уақытта жемісті жұмыс жасап, онда бірнеше ондаған өзге ұлт өкілі тіл сындырып үлгерген. «Сондай-ақ мектебімізде тілге құрмет, елге құрмет деген үйірме жұмыс істеп, оған 150-ден бала жазылған. Ал бүгінгі дөңгелек үстел ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз - ел егемендігі белгісінің бірі мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыру, қолданыс аясын кеңейту, түрлі ұлт өкілдерінің, қазақ тілінің мәртебесін жоғары көтеру», дейді Ж.Айтова.