Елордада ТМД елдерінің шекарашылары бірлескен іс-қимылдарды талқылап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астанада ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің (ШӘҚК) 93-ші отырысы басталды.

Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан шекара ведомстволарының, сондай-ақ ШӘҚК Үйлестіру қызметінің, ТМД Атқару комитетінің, Терроризмге қарсы орталықтың, ТМД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру бюросы және ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының басшылары мен сарапшылары қатысып жатыр.

- Шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі - бүгінде ТМД кеңістігіндегі көпжақты ынтымақтастықтың ең беделді, тиімді әрі қарқынды дамып келе жатқан институттарының бірі. Осындай кездесулердің тұрақтылығы және қарастырылатын маңызды мәселелер ТМД-дағы шекара ведомстволары нақты әрі практикалық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталғанын айқын көрсетеді, - деді ТМД Бас хатшысының орынбасары Нұрлан Сейтімов.

Оның айтуынша, бүгінгі іс-шараның күн тәртібі ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекара ведомстволарының қызметіне қатысты негізгі мәселелерді қамтиды.

- Бұл кездесу өзара сенім, құрмет және барлық тараптың мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделе отырып, сындарлы әрі нәтижелі өтетініне сенімдіміз. Осы жиын ТМД елдері шекараларында тұрақтылықты қамтамасыз етуге және шекарашылар бауырластығын нығайтуға елеулі үлес қосатын болады. ТМД Атқару комитеті ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесіне жан-жақты қолдау көрсете береді, - деді Н.Сейтімов.

Атап айтқанда, кеңес отырысында ТМД-ға мүше мемлекеттердің сыртқы шекараларын қорғаудың, ақпарат алмасуды автоматтандырудың, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын іске асырудың, қылмыспен күрес жөніндегі бірлескен шаралардың өзекті мәселелері талқыланды. Халықаралық іс-шараның қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылмақ.

Еске салсақ, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.