Елордада тоқтатылған көліктен 7 тапанша мен 70-ке жуық оқ табылды
08:41, 04 Қараша 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық тәртіп сақшылар құжат тексеру үшін тоқтатылған «Тойота» автокөлігіндегі күдіктілердің қара түсті сөмкесінен 7 травматикалық тапанша мен 67 оқ тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Елорда инфо» порталына сілтеме жасап.
Астана қалалық ІІД-нің мәліметінше, қолға түскен қаруларды тексеру кезінде 6 тапаншаның зауыттан шыққан нөмірі өшірілгені, ал 1 қарудың Қарағанды облысында жоғалған қарулар есебінде тұрғаны анықталды. Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, тексеріс жүргізілуде. Ал машинада болған 22 және 27 жастағы жолаушылардың бұрын Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша сотты болғандары және олардың 28 жастағы жүргізушінің танысы екені анықталды.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің Астана аумағында жасалған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.