Төтенше жағдай басталғаннан бері қалада «102» арнасына қоңырау шалу саны екі есеге артты. Үш күн ішінде 9076 қоңырау түскен. Елорда тұрғындарын анықтамалық сипаттағы мәселелер, қалаға кіру және шығу, ХҚКО-лардың, банктер мен сауда орталықтарының жұмыс тәртібі қызықтырды. Полиция қызметкерлері қала тұрғындарына консультативтік және психологиялық көмек көрсетті.
Айта кетейік, соңғы үш тәулікте елордада 45 қылмыс тіркелген. Сондай-ақ, 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін екі жүргізуші ұсталды, олар сот шешімімен Полиция департаментінің арнайы қабылдау орнына қамалды. «ҚР ӘҚБК-нің 476-бабына сәйкес төтенше жағдай жариялануына байланысты мемлекеттік орган белгілеген режимді бұзғаны немесе талаптарды орындамағаны үшін 22 адам тартылды. Кінәлілерге қатысты процессуалдық шешімді сот қабылдайды», - делінген ведомство хабарламасында. Сондай-ақ, қаланың периметрі бойынша блокпосттар орнатылды, елордаға кіру және шығу шектелген. Қала тұрғындары блок-бекеттер арқылы тек күндізгі уақытта ғана өте алады. Қызметкерлер азаматтардың құжаттарын, сондай-ақ тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексереді.
Естеріңізге сала кетейік, қалада түнгі сағат 23:00-ден таңғы 7:00-ге дейін «коменданттық сағат» енгізілді, яғни жаяу жүруге және көлік құралдарына тыйым салынған. Қозғалысқа рұқсат тек елорданың тыныс-тіршілігіне жұмылдырылған азаматтарға ғана берілді. Бекітілген Ережелерге сәйкес, бизнес субъектілеріне сауда нысандары, базарлар, дүкендер, дәріханалар және басқа ұйымдарға сағат 08:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынды. «Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбауды, сондай-ақ қалада ТЖ режимін сақтау керектігін ескертемін. Төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасау ауырлататын мән - жай болып табылады және неғұрлым қатаң жауапкершілікке әкеп соғады», - деді Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов.