Елордада Түрікменстанның мәдениет күндері өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның Мәдениет күндері аясында гала-концерт өтті.
Іс-шараға Түрікменстанның халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықарлық байқаулардың жеңімпаздары қатысып, эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындады.
Сонымен қатар түрікмен халқының қолданбалы өнер және музей құндылықтары көрмесі ұйымдастырылды. Онда көркем кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға негізделген туындылар қойылды.
«Ертең моноспектакль қоямыз. Бұл шығарманың премьерасы, тіпті біз Ашхабадта оны әлі көрермен назарына ұсынбадық. Пьеса әйгілі ақын Махтумкули Фрага туралы. Жақында белгілі тұлғаның 300 жылдығы тойланды. Бауырлас елге өнерімізді дәріптеп, мәдениетімізге ерекше құрмет көрсеткені үшін алғыс білдіреміз», - деді Алп Арслан атындағы ұлттық драма театрының бас жетекшісі Хандурди Бердиев.
Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасындағы Түрікменстанның Мәдениет күндері 27-маусымға дейін жалғасады. Екі елдің мәдени байланысын нығайтатын шара аясында режиссер Хекім Алавовтың «Қызыл алма» көркем фильмінің көрсетілімі, «Ақылгөй» моноспектаклінің қойылымы және Түрікменстан ұлттық киімдерінің көрсетілімі өтеді. 27 маусымда екі елдің өнерпаздары Гала-концертте өнер көрсетіп, мәдениет күндерін аяқтайды.
Асылбек ТОЙБЕК