Елордада түтінге тұншыққан 5 адам құтқарылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада өрттен құтқарудың кезекті оқиғасы орын алды. Пәтерлердің кіреберісіндегі қалың түтін арасынан 5 адам құтқарылды, оның біреуі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

28 қазанда 13 сағат 13 минутта «101» пультіне Абылай хан көшесіндегі өрт туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері 6 минуттан кейін оқиға орнына келіп жеткенде, аумағы 10 шаршы метрді қамтыған он қабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтердің қонақ бөлмесінде жиһаздар жанып жатқан.

«Кіреберіс қатты түтіндеп, салдарынан адамдардың өміріне қауіп төнді. Тұрғындарды эвакуациялауды газ- түтіннен қорғау қызметінің мамандары ұйымдастырды. 10-ӨСБ өрт сөндірушілерінің жедел әрекет етуі мен үйлесімді іс-қимылдары, сондай-ақ өрт болған орында сапалы барлау жұмысын жүргізу мен шешуші бағытты дұрыс анықтай білуі арқасында 5 адам құтқарылды, оның 1-і бала. Өрт 13 сағат 31 минутта ауыздықталып, өрттің ары қарай таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 17 адам және 4 техника жұмылдырылды. Өртті сөндіру барысында газдан жеңіл уланған әйел адам ауруханаға жеткізілді»,- делінген хабарламада.