Бұл туралы Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Орал мәлім етті.
Оның айтуына қарағанда, ағымдағы жылы ақпанның 9-ында қалалық ІІД Есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шаралары барысында Астанаға есірткі заттарын саудалау мақсатында келген Жамбыл облысы Шу қаласының 37 және 33 жастағы екі азаматы ұсталған.
"Ұсталған азаматтардың тұрып жатқан жерлерін тексеру барысында 8,5 келі гашиш табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 259 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бапта мүлкін тәркілеу арқылы 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", деді ол.
Жыл басынан бері "Рубеж" бекеттерінде есірткі заттарын тасымалдауға қатысты 14 іс қозғалып, 3 азамат - қылмыстық, ал 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, айналымнан 49 келіден астам есірткі заттары тәркіленген.