Елордада Ұлттық тағам залы мен Қабылдау үйі салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қалалық инфрақұрылымды дамыту қарқынды жалғасып жатыр. Мәселен, Астананың Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы Kazinform сауалына орай 2 нысан құрылысының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Аталған нысандардың біріншісі — мейрамхана кешені бар Ұлттық тағамдардың көрме залы. Ол Ж.Нәжимеденов пен Қ.Аманжолов көшелерінің қиылысында, Тәуелсіздік сарайына жақын маңда салынады. Учаске ауданы 0,6112 гектар.
— Elicense.кz ақпараттық базасының деректеріне сәйкес, құрылыс салушы «Барап» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама берді, — деп атап өтті әкімдіктен.
Екінші нысан — Қабылдау үйі. Ол Ж.Нәжимеденов пен Ш.Қалдаяқов көшелерінің қиылысында, Президент саябағы аумағында салынады. Жер учаскесі Президент Іс басқармасына іздеу және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін Астана әкімдігінің қаулысы негізінде 2029 жылдың 25 маусымына дейін берілген.
Әкімдіктің атап өтуінше, мұнан бөлек, қалада әлеуметтік нысандар — мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайы және өзге де қоғамдық мақсаттағы мекемелердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Айталық, осы жылдың тамызында елордада 28 мың орынға арналған 7 жайлы мектеп құрылысы аяқталады. 2029 жылға дейін, 2026-2028 жылдары аралығында екі ауысымда 157 мың оқушыға білім беретін 63 мектеп салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта әкімдік инжинирингтік және құрылыс компанияларымен жұмыс кездесулерін өткізіп жатыр. Оның мақсаты — сәулет, құрылыс және қала құрылысы нормаларының бұзылуын ескерту.
Бұған дейін елордадағы Мұңайтпасов стадионы мен «Қазақстан» спорт сарайының құрылысы қашан аяқталатынын жазған едік.