Елордада ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтіп жатыр

Фото: Астана қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бүгін сағат 14:00-де Халықаралық EXPO көрме орталығында «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі ашылды. Мұнда «Алтын сапа» сыйлығының қатысушылары мен жеңімпаздарын қоса алғанда, отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылған. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты жазды.

Жәрмеңкеге Қазақстанның 50 өндірушісі қатысып жатыр. Келушілер табиғи өнімдерді сатып алып, жергілікті брендтермен танысып, отандық өндірісті қолдай алады. Ашық аспан астындағы фудкорттар көшесі ерекше назар аудартады. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік атмосфераны толық сезіне алады. 

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Сондай-ақ мұнда Наурыз көжеге арналған үлкен қазан орнатылған. Жанында түрлі тағамдар ұсынылатын гастрономиялық павильондар орналасқан: дәмді қуырдақ, хош иісті ыстық бауырсақ, тойымды палау және жаңа піскен самса.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Мерекелік көңіл күй, дәмнің алуан түрлілігі мен кең дастархан бұл гастрономиялық аймақты елордадағы Наурыз мейрамының басты тартымды орындарының біріне айналдырды. Іс-шаралар 22-23 наурыз күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Айта кетейік, қала тұрғындары елорданың басты алаңдарына – қалалық алаңда, «Қазақ елі» монументі маңында, «Астана Арена» стадионында, «Ататүрік» саябағында, Astana Music Hall автотұрағында және EXPO аумағында бас қосып, спорттық іс-шараларға белсенді қатысып жатыр.