Аталмыш шара Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011 жылға арналған бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып отыр.
Дөңгелек үстелге арқау болған негізгі тақырыптар қазіргі жаһандану кезеңінде жас ұрпақтың ұлттық болмыспен біте қайнасқан тұлғалық тұтастығын сақтап қалу, білім мен тәрбие сабақтастығы, бала санасына ұлттық рухтағы тәрбиені ұялату сынды келелі мәселелермен байланысты болды.
Шара барысында «Ұлттық тәрбие - ұлттық мүддеміз», «Интернет және ұлттық тәрбие», «Жан-жақты мәдениетті тұлғаны қалыптастыру» тақырыбында баяндамалар тыңдалып, ғылыми негізделген ұлттық тәрбие пәндерін орта мектеп пен жоғары оқу орындарына енгізу жөніндегі ұсыныстар ортаға салынды.
«Фараби бабамыз айтқандай, тәрбиесіз берген білім - халықтың қас жауы. Ұлттық тәрбие - ұлт болашағының кепілі, өнегелі ұрпақ өсірудің алғышарты. Осы орайда, ұлттық тәрбие берудің ғылыми негізделген тұжырымдамасын жасап, ұлттық бірегей бағдарламасын қалыптастыру қажет, пән ретінде білім беру мекемелеріне енгізу қажет», - деп пікір білдірді Алматы қаласы «Абай» атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұлттық тәрбие кафедрасының меңгерушісі Рымшаш Төлеубекова.
Шараға Астана,Алматы, Көкшетау қалаларының педагог ғалымдары, арнайы мамандар, тәрбие ісінің меңгерушілері мен ұстаздар қатысты.