Елордада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған Қазақстан халықтарының достығы фестивалі басталды

АСТАНА. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халықтары достығының жыл сайынғы фестивалі басталды. Биыл ол Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналып, «Сол бір жылдарға тағзым» ұранымен өтуде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының астаналық хатшылығыың меңгерушісі Әміржан Әлпейісовтің атап өткеніндей, шараға даярлық жыл бойы жүргізілді, әрбір этномәдени бірлестік өзіндік ерекше бағдарламасын әзірледі.

«Фестивальдің алғашқы күні алты мәдени-ұлттық орталық концерттік бағдарламасын көрсетеді. Қорытынды гала-концерт сәуірдің 26-сында өтеді», - деді Ә.Әлпейісов.

Алдымен сахнаға «Тіл және мәдениет» қалалық қоғамының би ансамблі шықты. Қоғам өкілі Сағыныш Сейдахметованың айтуынша, биылғы фестиваль бұрынғыдан өзге сценариймен өтеді. «Жеңіс мерекесіне орай әскери тақырыпты бағдарламаға молынан енгіздік, әрбір ұлттық мәдени орталық қазақша сөйлейтін таңдаулы бірлестік атағы үшін күреспек», - деді ол.