Елордада үнемделген қаржы халықтың игілігін атқаруға қарастырылды

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің талаптарына сай, қаржы жылы ішінде толық пайдаланылмаған мақсатты трансферттерді бюджетке қайтару жайында Қаржы министрлігіне тапсырма бергелі бір айға жуықтады. Осы аптада елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен қалалық Мәслихатта кезектен тыс ХХХІІ сессия өткізілді.

Мұнда Астана қалалық Мәслихатының 2008 жылғы желтоқсанның 18-індегі «Астана қаласының 2009 жылға арналған бюджеті туралы» мәселе қаралды. Соған орай, бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқан бағдарламаларды қайта қарап, үнемділік шаралары пысықталды. Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Бекбол Сағын қалалық бағдарламаларға жеке-жеке тоқталды. Қаланың қазынасына түсінік берді, кіріс-шығыс туралы мағлұмат, деректерді ортаға салды. Елорданы дамыту мәселесіне орай, жекелеген шараларға қаржы көздерін ұлғайту немесе кеміту қажеттігін түсіндіріп, қаланың бюджеттік бағдарламасы хақындағы негізгі әңгімеге көшті. «Республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша, бір штаттық бірлікті кемітіп, оны Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына берді. Солайша, аппарат қаржысы қысқартылған штаттың есебінен 937 мың теңгеге азайтылды. Яғни басқармаларды ұстауға қарастырылған қаржы кемітілді. Сол сияқты, кей бағдарламаға жүктелген міндет басқа бағдарламаларға берілді. Есесіне, «Ақпараттық жүйе» бағдарламасы бойынша «Электрондық қала» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің ақпараттық жүйесіне желілік-техникалық қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында 19 431 мың теңге қосылып, аталған қызметті орталықтандыруға қолдау жасалды. Демек, астаналықтардың елорда басшылығымен арадағы электрондық қызмет желісі жетілетін болады. Қала бюджетін түзету барысында Алматы ауданындағы «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасына бөлінетін қаржы 50 000 мың теңгеге кемітілді. Сонымен қатар, Сарыарқа ауданы әкімін аппаратының дәл осындай бағдарламасы аясында Украина Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ғимаратын жөндеу-жаңғыртуға бөлінген 77 000 мың теңгені қысқартты. Елорданың мәдени-рухани келбетін қалыптастыруға қала шенеуніктерінің де ықыласы ояна бастағаны байқалды. Себебі қысқартылған осы қаражат пен атқарылмақшы жұмыс қалалық мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраларды сақтау және оларға қол жеткізуді қамтамасыз ету» бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалатын болады. Сессия барысында Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев қала аумағында өткізілетін шараларға қатысты басшылыққа елордадағы ойын-сауық іс-шараларына қарастырылатын шығындарды азайту жөнінде хат жолдағаны айтылды. Соған орай, «Жастар саясаты саласындағы өңірлік бағдарламаларды іске асыру» бағдарламасы аясындағы КВН өткізуге арналған 42 527 мың теңгесі қысқарды. Астана қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты арнайы бағдарлама негізінде қоршаған ортаға эмиссияны жүзеге асыру үшін ашылған экологиялық рұқсат беру қызметін жетілдіру мақсатында 5 270 мың теңге қосылды. Басқарма бастығының айтуынша, «бұл шара Елорданың көркін арттыру жолында атқарылған іс-шараның бір тармағы». Қаржы дағдарасының салқыны «қазанның құлағын» егеленіп отырған Қаржы басқармасы мен Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының қоржынын да біршама ортайтты. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қарасты «Жел электр стансысын салу» инвестициялық жобасының шығындарын қысқарту есебімен 7 227 мың теңгеге кемітті.Астана қалалық Мәслахитында кезектен тыс сессия өткізуге бастамашы болған қала әкімінің өзі болғанын ескерсек, оның мәдениет, тарих және білім саласына оңды көзқарасы осы арада тағы да айқындалды. Әкім жас ұрпаққа білім берудің маңыздылығы қай заманда да, қай қоғамда да назардан түспеу керектігін мемлекет пен үкіметке һәм шенеуніктер мен жұртшылыққа тағы бір рет дәлелдеді. Өйткені Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Бекбол Сағынның аузынан Білім басқармасы бойынша қаржының кемітілетіні жайында сөз шыққан жоқ. Есесіне, «Білім басқармасының қызметін қамтамасыз ету» бағдарламасын жүзеге асыру мен оны қорғау жөніндегі «Қазақстан балалары» атты бағдарламаны атқару мақсатында штаттық бірлікті 20 адамға көбейту үшін 3 700 мың теңге көлемінде қаржыны арттыру көзделді. Рас, бұл қаржы «Әдістемелік жұмыс» бағдарламасының шараларын азайту есебінен өндірілді. Сондай-ақ, «Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарында мамандар дайындау» бағдарламасына «Жалпы оқыту» бағдарламасын қаржыландыруды азайту есебімен 158 мың теңге бөлінбек. Қала басшылығы, сондай-ақ «Қазақстан балалары» бағдарламасын денсаулық сақтау тұрғысынан тағы да қолдауға көңіл бөлді. Осынау бағдарламаны балалардың денсаулығын сақтау құқығын қамтамасыз етуді көздеп, штаттағы қызметкерлер қатарына тағы да бес адамды қосу қажеттігін таныды. Соған орай, бағдарламаны іске асыруға 5 750 мың теңге қосылды. Елордалықтардың денсаулығын шыңдаудың тиімді де өзекті шараларын қаперден шығарған жоқ. «Қазақстан Республикасында ЖИТС-тің алдын алу және алдын алу жөніндегі іс-шараларды іске асыру» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды 2 168 мың теңгеге ұлғайтылатын болды. Сонымен қатар, «Төтенше жағдайлар кезінде халыққа медициналық қызмет көрсету» бағдарламасын атқару қаржысын көбейту қажеттілігі айтылды. Айтқан жерден аулақ, көлденеңнен пәле-жала жоламасын, әрине, дегенмен, мұны қала халқы алдындағы жауапкершілік деп санауға болады. Қала тіршілігіне қатысты салалық қызметтің бірқатар бөліктеріне «қаптың аузын шымшып ұстауға» кеңес етілді. Бірақ, адам факторына қатысты саланың жекелеген тиісті бағдарламаларына таршылық жасалған жоқ. Бұл, әсіресе, дене шынықтыру, дене тәрбиесіне қатысты шараларға деген оңды көзқарастан танылды. «Спорт нысандарын дамыту» бағдарламасына 102 316 мың теңгеге көбейтілді. «Республикалық маңызы бар қала, астана деңгейінде спорт жарыстарын өткізу» бағдарламасына несиегерлік берешекті өтеуге 10 905 мың теңге және «Балалар үшін қосымша білім» бағдарламасының несиегерлік борышын өтеуге 8 467 мың теңге қарастырылады. Елордадағы ең өзекті мәселені шешу, яғни құрылысты дамыту Құрылыс басқармасының мойнында. Сондықтан, осы сала жайында кеңірек айтылды. «Тұрғын үй салу және сатып алу» бағдарламасының қаражаты 159 990 мың теңгеге ұлғайтылды. Сондай-ақ Астананың көзтартарлық келбетіне назар аударылып, «Қаланы абаттандыруды дамыту» бағдарламасына 265 151 мың теңге қаражат бөлінді. «Денсаулық сақтау нысандарын салу және қайта жаңарту» бағдарламасына бөлінген қаржы 9 967 254 мың теңгеге көбейтілді. Сондай-ақ, шығындарды қысқарту есебімен Бостон қаласының «Партнерс Интернэшнл Сервис» оқу-клиникалық орталығымен ынтымақтастық негізінде қолға алынған «Кадрлар біліктілігін көтеру және қайта даярлау» бағдарламасын қаржыландыруды 10 678 мың теңгеге азайтты. Сонымен, көзін тапқанға қоғамды дендеген дағдарыстың ырқында кетпей, ширығып, істң жөнін келтіруге болады екен.