Елордада ұсақ бұзақылық фактілерінің саны айтарлықтай азайды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бауыржан Ахметқалиев ұсақ бұзақылықтар, соның ішінде көпшілік орында былапыт сөздер айту бойынша мәлімдеме жасады.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ол қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айтқан азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.

Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

– Мұндай құқықбұзушылық көшелерде, саябақтарда, қоғамдық көліктерде, мемлекеттік мекемелерде, сауда және ойын-сауық орталықтарында, білім беру орындарында, вокзалдарда, әуежайларда т.б. қоғамдық орындарда жасалуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирлерде немесе басқа да көпшілікке қолжетімді интернет платформаларында жария түрде былапыт сөйлеу қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеп соқса, мұндай әрекеттер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша сараланады, – деді Бауыржан Ахметқалиев.

Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында сот өндірісіне ұсақ бұзақылыққа қатысты 2 131 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс келіп түсіп, оның 2120-сы қаралған. 2024 жылы 2 277 іс түсіп, 2 261-і қаралса, өткен жылы 3738 іс тіркеліп, 3720 іс бойынша шешім қабылданған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда түскен істер саны бойынша 1461 іске, ал қаралған істер бойынша 1459 іске азайған.

Айта кетейік, бұған дейін TikTok пен Instagram-да бейәдеп сөз айтқан Алматы облысының тұрғыны қамауға алынғанын жазғанбыз.