Елордада үш күнде 45 мас жүргізуші ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өткен үш тәуліктің ішінде көлігін мас күйде жүргізген 45 жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, «ВАЗ 2115» көлігін тізгіндеген мас жүргізуші Тәшенов көшесі бойындағы көпірдің астында рульге ие бола алмай қалып, жиектасқа, одан кейін көше шамының бағанына соғылған. Жүргізушінің үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Ал мас жүргізуші 20 тәулікке Полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін.

Көлік тізгініне ішімдікке еліткен күйде отыратындардың қатарында қыз-келіншектер де бар. Мәселен, қала аумағында жүргізілген жедел алдын алу шарасы барысында көліктерін мас күйде жүргізген 23 және 39 жастағы қыз-келіншектер ұсталды. Екеуінің де үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, 15 тәулікке қамауға алынды. Ал көліктері коммуналдық тұраққа қойылды.