Елордада үш жақты негізде телемедициналық кеңес өтті

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - «Бүгін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлері бір уақытта «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» және «Астана медициналық университеті» акционерлік қоғамының мамандарымен бірлесіп, үш жақты негізде телемедициналық кеңес өткізді»,

деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, кеңеске «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығынан» тәжірибелі маман, медицина ғылымдарының докторы, профессор Т.М.Үкібасова және «Астана медициналық университетінен» акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Г.У. Ахмедьянова қатысты.

Ақмола облысы Адыр стансасының тұрғынын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының дәрігерлері кешенді түрде тексеріп, алдын ала диагноз қойған. Бүгін олар телемедицинаның көмегімен профессорлардың көмегіне жүгінді. Жүргізілген шара барысында ғалымдар емдеу тәсілі мен іс-шараларына қатысты өздерінің кеңестерін берді. Жалпы бүгінгі таңда телемедицина еліміздің барлық өңірінде енгізілуде. 2011 жылдың 9 айында республика бойынша 12293 телемедициналық кеңес өткізілді (өткен жылғы көрсеткіш - 10284). Осы кезең ішінде ең көп телемедициналық кеңес Қарағанды (6451), Атырау (728) және Батыс Қазақстан (507) облыстарында өткізілген.

Телемедициналық құралдармен жабдықталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында айтылған міндеттерге сай жүзеге асырылды. Жоба «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сай көлік медицинасын дамытуды қарастырады.