Елордада үшінші айналма жол салынуы мүмкін

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада екінші айналма жол құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар үшінші айналма жол салу жоспарланып отыр.

Бұл туралы «Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС қалалық көлік тобының бас маманы Ақмарал Темірова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаламыз өзінің жоспарлы шешіміне сәйкес, тиімді-айналма құрылымға ие. Яғни, бірнеше айналма бар. Біріншісі – К-1 үлкен сыртқы айналма жолы. Өткен бас жоспарда біз ішкі – кіші айналма жолды ұсындық. Ал бұл жоспарда үлкен және кіші айналма жолдардың арасында үшінші айналма жол салуды ұсынып отырмыз», - деді ол «Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарының» жаңа жобасы бойынша қоғамдық талқылау аясында ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның нақтылай түсуінше, бүгінде К-1 де аталатын үлкен айналма жол толық жұмыс істеп тұр. Ал кіші айналма жолдың 70 пайызы пайдалануға берілген. Енді үшінші айналма жол салынбақ.

«Үлкен айналма жол бар. Кіші айналма жолдың 70 пайызы салынды. Енді міне жаңа бас жоспарда үшінші айналма жолды ұсынып отырмыз. Ол кенттенген аумақ шекарасы арқылы өтеді. Бұл қалаішілік транизттік қозғалысты қамтамасыз ету үшін жасалады. Қалаға кірмей бір шеттен екінші шетке бару үшін адамдар қазіргі уақытта негізінен К-1 үлкен айналма жолға шығады. Бірақ, айналма жолға шыққанға дейін көп уақыт жоғалтады. Сондықтан кенттенген аумақ шекарасында үшінші айналма жол салуды ұсынамыз. Бұл айналма жол Өндірістік аймақ арқылы өтіп, қаланың шығыс, оңтүстік бөліктерін қамтып, Тельман елді мекенінен Талдыкөл арқылы Ильинка, одан кейін Көкталға дейін болады». – деді Ақмарал Темірова.