Елордада үздік әлеуметтік жобалар бойынша өтінімдер қабылдау басталды

АСТАНА. Қазақпарат - Қазіргі уақытта ағымдағы жылдың қыркүйек айында өтетін «Қазақстанда іске асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмеге қатысуға кез келген адам өтінім беріп, өзінің әлеуметтік жұмысын ұсына алады.

Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлады.

Ұйымдастырушылардың талабы бойынша, қаржыландыру көзіне қарамастан халықты әлеуметтік қорғау жүйесі шеңберінде қызмет атқарып жүрген қоғамдық бірлестіктер, мүгедектердің мекемелері, басқа да мекемелер мен ведомстволар, жеке тұлғалар және үкіметтік емес ұйымдармен жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалар аталған шараға қатыса алады. Бұл үшін жобаны тіркеп, өтініш жолдау керек. Бірақ бір жылдан артық уақыттан бері іске асырылып жатқан, сондай-ақ әлеуметтік маңызды және тәжірибеде оң нәтижесі бар әлеуметтік жобалар ғана қаралады. Сонымен қатар, жоба әлеуметтік көмекпен және қолдаумен өмірдің қиын жағдайына тап болған халықты қамтуы тиіс.Комиссия мүшелеріне ұсынылған үздік жоба көрмеге қойылады. Өтінімдер қабылдау Ш.Иманбаева к-сі 16 мекенжайы бойынша 12 қыркүйекке дейін қабылданады.

Еске салайық, көрме елордада екінші рет өткізілмек. Ұйымдастырушылар Астана тұрғындарына елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен олардың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін маңыздылығы жайлы хабардар ету мақсатында шараны өткізуді дәстүрге айналдырмақ.

Ведомство қызметкерлерінің атап өтуінше, былтыр көрме ілкі режімде өткізілгенімен жақсы идеялар мен жобалар болды. Өткен жылы шараға келушілердің назарына «Мүгедектігі бар адамдарды тарта отырып ағаш, саз, киіз, тері, тас, бисерден қолдан жасалған имиджілік кәдесыйлар шығару» жобасы ұсынылды. Оның авторлары - Дина Ердильдинова бастаған «ДОС» тәуелсіз өмір» мүгедектер орталығы қоғамдық бірлестігінің мүшелері. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту сынды басты міндетті көздейтіндіктен нақ осы жоба үздік деп танылған болатын.