Астана қаласы әкімінің орынбасары барлық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, әр маманның осы салаға қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталып өтті.
- Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер, кәсіби маман ретінде денсаулық сақтау саласы мен елорданың дамуына сүбелі үлес қосып жатырсыздар. Бәріңізге бақыт, денсаулық, толағай табыстар тілеймін, - деді Е. Аманшаев.
Шара барысында елорданың 30 жуық медицина қызметкері дипломдармен, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Респуликасының денсаулық сақтау саласының үздігі» медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, үздік медицина қызметкерлеріне ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және Астана қаласының әкімі атынан құрмет грамоталары табысталды.
Медицина қызметкері күніне орай «Өз ісінің үздігі» жарысының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Биыл жарыс 4 аталым бойынша өткізілді. Оның нәтижесі бойынша, №2 балалар ауруханасының хирургы Ағабек Чикинаев «Үздік дәрігер» атанса, «Үздік медбике» атағын №1 қалалық ауруханасының медбикесі Бағлан Әлкенова еншіледі. Ал, республикалық жедел санитарлық авиация бригадасының фельдшері Болат Шәріпов «Үздік фельдшер», №4 қалалық емхананың бас дәрігері Серік Шәймерденов «Денсаулық сақтау саласының үздік менеджер-ұйымдастырушысы» болып танылды, деп хабарлайды astana.kz.
Еске сала кетейік, медицина қызметкері күні 1980 жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісінде мерекеленіп келеді. Үстіміздегі жылы бұл атаулы күн 21 маусымға түсіп тұр.