Елордада үздік студенттердің слеті өтті

None
  АСТАНА. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін ҚР Тәуелсіздік сарайында «Біз -Тәуелсіздік құрдастарымыз! Біздің Отанымыз - Қазақстан» атты жасөспірімдер және жастар форумы аясында Үздіктер слеті өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 ҚР Білім және ғылым министрлігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қазақстан студенттері альянсының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға оқуы үздік 150-ден астам студент қатысты. Олардың қатарында сондай-ақ арнайы шақырылған Ресей, Түркия, Қытай еліндегі қазақстандық жастар бар.

 «Елбасы Қазақ ұлттық университетінде оқыған дәрісінде келешекте біздің білім және ғылым жүйеміз қалай дамуы керектігін сөз етті. Соның ішіндегі үлкен бағдарлама - Интеллектуалдық рух бағдарламасы. Оның болашағы да, негізі де осы залда отырған біздің студенттер деп ойлаймын. Адам баласы бір-бірінен білімнен ғана оза алады. Сондықтан, бүгін Қазақстанның ең жақсы оқитын студенттері жиналып, өздерінің құрылтайын өткізіп отыр. Елбасының қандай да болмасын кездесуін алсаңыз, қандай болмасын бағдарламасын ашсаңыз, барлығы жастардан басталады», деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде. Ректордың айтуынша, әлемнің түкпір-түкпірінде біздің студенттеріміз оқып жатыр. «Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуға барлық жағдай жасалып отыр. Олар шетелдік кейбір университеттерден кем емес деп ойлаймын», деді ол.

 «Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты ешқандай елдің Мемлекет басшысы мінберден «Жастар мен сендерді ғылыммен айналысуға шақырамын!» деп айтпаған. Сондықтан, мен сендерге құрылтайдың жоғары деңгейде өтіп, ал сендердің жақсы нәтижелерге қол жеткізулеріңді тілеймін», деп атап өтті Б.Жұмағұлов.