Ведомствоның мәліметтері бойынша, биылғы жылдың басынан бері елордада 293 өрт тіркеліп, 5 бала көз жұмған. Өрт балалардың шалағайлығынан орын алған. Өкініштісі, тілсіз жау сол бүлдіршіндердің өмірін қиып кетеді.
Жас құтқарушылар жасағын құрудағы мақсат - балаларды ерлікке баулып, олардың бойларында азаматтық борыш пен отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру болып табылады.
Мамырдың бірінен бастап Астанада өрттен құтқару спорты бойынша жас өрт сөндірушілер жасағы арасында аудандық іріктеу жарыстары өткізілді. Өрттен құтқару спортының кейбір түрлері енгізілген спорттық жарыстар да ұйымдастырылды. Финалға елорданың №20, 22, 24, 30, 35, 45 мектептерінен 6 команда қатысты.
«Аталған іс-шара бірінші кезекте оқушылардың бойында түрлі тосын жағдайларда абдырап, саспай тез шешім қабылдау дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Осы жарыстың жеңімпаздары мен қатысушылары мамандандырылған оқу орындарына оқуға түсетін болса, бұл дағдылары оларға көмектесері сөзсіз», - дейді Мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет майоры Орал Әбдірахманов.
Жарыстың қорытындысы бойынша №45 мектеп командасы жеңімпаз атанса, екінші орын №20 мектепке, үшінші орын №24 мектепке бұйырды. «Үздік шығарма» байқауы бойынша №20 мектеп оқушысы Светлана Хакімова; үздік сурет байқауы бойынша №35 мектеп командасы жеңіске жетті.
«Спорттық жарыстың жеңімпаздары грамоталармен, кубокпен, сондай-ақ, спорттық құрал-жабдықтармен марапатталды.