Елордада ядролық сынақтармен күрес тақырыбана арналған «Ғасырлар таңбасы» атты көрме ашылды

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Невада-Семей» халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес қозғалысы қорынан ұйымдастырылған «Ғасырлар таңбасы» атты көрменің ашылуы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Невада-Семей» халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес қозғалысының 20 жылдығына арналған көрменің ашылуына аталмыш қозғалыстың президенті Олжас Сүлейменов, АҚШ және Еуропа елдерінен соғысқа қарсы күрес қозғалыстарының, ҚР Президенті Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты. «Бүгінде біз осы аймақта тұрған адамдардың денсаулығына зиян келтірген оқиғаны ұмытпауымыз керек. Ең бастысы, Семей полигонындағы жарылыс сияқты мұндай қайғылы оқиға ешқашан қайталанбауы тиіс», - деп атап өтті көрменің ашылуында ЕҚЫҰ орталығының басшысы Александр Кельчевский. Көрме экспозициясында Семей полигонында жүргізілген сынақтар, жарылыстар салдарынан зардап шеккен жандар, жоғарыда аталған халықаралық қозғалыстың құрылу тарихы туралы баяндайтын материалдар бар.