Елордада зейнеткерлердің әлеуметтік желідегі белсенділігі артып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың зейнеткерлердің интернет пен әлеуметтік желілердегі белсендігі артып келеді. Бүгін «Астана - даму мен инновацияның 20 жылы» форумында «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде жастардың 80 пайыздан астамы смартфонды белсенді түрде пайдаланады деп айтуға болады, ал студенттер арасында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар аға буын да смартфондарды көбірек ұстай бастады. Аталар мен әжелердің де мессенджерлерге әрі әлеуметтік желілерге қосылуы деңгейі артып келеді», - деді О. Сартаев.

Сонымен қатар ол елорда аумағын жоғары жылдамдықты интернетпен қамту шараларына тоқталды.

«90 пайыздан астамы заманауи жоғары жылдамдықты  4G интернетпен қамтылып отыр. Осының арқасында барлық технологиялар жұмыс істеп тұр. Бұл өз кезегінде тың инновацияларды енгізу үшін қажетті орта қалыптасты дегенді білдіреді», - деді «Astana Innovations» АҚ басқарма төрағасы.